Бұрынғы ауыр атлет Алмас Өтешов лауазымды қызметке тағайындалды
Опубликовано:

Бұрынғы ауыр атлет Алмас Өтешов жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың бұйрығына сәйкес, 12 маусымнан бастап Өтешов Алмас Дәулетярұлы басқармаға қарасты "Олимпиадалық резерв даярлау орталығы" КММ директорының орынбасары қызметіне тағайындалды", - делінген хабарламада.
Спорт басқармасының мәліметінше, Алмас Өтешов осы уақытқа дейін яғни бес айға жуық басқармаға қарасты "Мұз айдыны" мекемесінде әдіскер болып қызмет атқарған.
Алмас Дәулетярұлы – ауыр атлетикадан Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы.